Ұлттық мағынадан туған заманауи белгі

TULGA — отандық сағат бренді. Бұл жобада бізге қазақы болмысты заманауи тілде жеткізетін, бірақ ұлттық элементті жай сәндік детальға айналдырмайтын белгі жасау маңызды болды.

Жұмысты «Тұлға» атауының мағынасынан бастадық. Бұл сөз біз үшін даралықты, еркіндікті және биікке ұмтылысты білдірді. Осы ой логотиптің негізгі символына — қанат бейнесіне айналды.
Қанаттың ортасына қазақы ою-өрнек элементін енгіздік. Мұндағы мақсат ұлттық нақышты сырттан қосылған декор ретінде емес, белгінің өз құрылымына айналдыру болды.


Қою көк түс пен ұстамды типографика TULGA-ның салмақты мінезін толықтырып, сағат брендіне тән дәлдік пен сенімділік сезімін күшейтеді.

Нәтижесінде TULGA атауының мәнін, ұлттық рух пен заманауи мінезді бір белгіде тоғыстырдық. Бізге бұл жобада ең ұнайтыны — әр сызықтың өз орнында болуы және логотиптің артында нақты ойдың тұруы.
